Әлеумет

Бұқара

  • Бәрекелді!

Көмекке даяр азаматтар көп екен

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ауыл тұрғындарын жемшөппен қамтамасыз ету туралы үндеуі және аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерге қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасы біздің округте зор қолдауға ие болды.

Жазғы қуаңшылыққа қарамастан, біздің ауылдың тұрғындары қысқа жақсы дайындалды. Жұмыла жұмыс жасап, еңбек ететін  азаматтарымыз биыл да көмекке зәру аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлерді, мүгедектерді назардан тыс қалдырған жоқ.

Ауыл тұрғыны Жақсыберген Ізмағанбетов «МТЗ-80» тракторымен «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Өндіргеновтің демеушілігімен төрт үйге бір тіркемеден тегін бос шөп, төрт үйге бір тіркемеден 50 пайыз құнымен 6000 теңгеден шөп түсірді. Ал облыстық мәслихат хатшысы Балғали Ордаев зейнеткер Күләш Естерекованың үйіне он центнер шөп түсіріп берді. Ауылда шаруаларын біріктіріп бірге жүргізетін «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Оразай Ильясов, «Серікболсын» шаруа қожалығының мүшесі Ерболат Ізмағанбетов және шөп шабушы Бағдат Маханбетов те тұрғындарға қол ұшын созудан бас тартпады. Олар он екі үйге отыз пайыз жеңілдікпен бес тең шөптің әр теңін 900 теңгеден үлестірді.

Біз, ауыл тұрғындары, осындай ақылшы азаматтарымыздың бар екендігін мақтанышпен айта аламыз. Ендеше, үлкенге демеу, кішіге жебеу болған азаматтарымыз аман болсын!

Ғалымжан САҒЫН,

Ақтоғай селолық округінің бас маманы.

Шалқар ауданы.

  • Ауыл

Құбырлар жөнделді

Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауының ел игілігіне жарап, көптеген шаруалардың жасалып жатқанына куә болып жүрміз. Ауылымыз жыл санап көркейіп, тұрмыстіршілігіміз түзеліп келеді. Елбасы мен облыс басшысы Е.Сағындықовқа тұрғындар атынан айтар алғысым шексіз.

Бестамақ елді мекеніне Жаңажол газы 1982 жылы берілген еді. Арада қанша жыл өтсе де ауыл ортасында қоныс тепкен үйлердің газ құбырлары ауыстырылмай, жаңартуды қажетсініп тұрған-ды. Қыстың ызғырық аязды күндерінде тұрғындар жылудың нашарлығынан зәбір шегетін. Көп жылдардан бергі құбырлар іші күйеге толып, газ қысымының таралу тынысын азайтты. Осыған орай облыстық газ бөлімшесінің бастығы М.Тосыбаевтың ықпалымен, газ шаруашылық бөлімінің басшылары Я.Серкешбаев, А.Утешовтің шұғыл қимылдауы нәтижесінде ауылдағы барлық газ құбырлары ауыстырылды. Жылда жылудан зардап шегіп, газ мәселесіне алаңдаған ауыл тұрғындарының үйлері енді қысқа сақадай сай.

Бестамақта газ ғана емес, ауыз су мәселесі де тұрғындарды қатты алаңдататын. Ауыз су тартылатын құбырлар жер астына орналасқандықтан, тозығы жетіп, иіні кеткен еді. Суды тасып ішетін тұрғындар қыстай азап шегетін. Енді тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ел сенімін ақтар басшылар газ мәселесінен соң, ауыз су құбырын жөндеуге көшті. Еңсені түсіріп жүрген екі мәселе шешімін тапқанда бестамақтықтар мықтап қуанды.

Ауылдың ажарланғаны, жаңарғаны тұрғындар үшін үлкен мәртебе. Жаңарту ісі барлық ауылда белең алса, қаймағы бұзылмаған ауыл реңін жоғалтпасы анық.

Ұлболсын СҰЛТАНОВА,

Бестамақ ауылы.

Алға ауданы.

  • Жарайсың!

Ермұраттың моншасы

Ермұрат — ауылымыздағы іскер азаматтардың бірі. Оның тынымсыз еңбегі мен ізденісі, жұмысқа деген ынтасы жастарға үлгі боларлықтай. Жақында Ермұраттың күшімен Жарқамыста жаңадан жеке он адамдық монша ашылды.

Ауылда жаңа нысан бой түзесе қуанатын тұрғындар, монша салынғанда тіпті риза болды. Отағасы жаңа іс бастағанда қол ұшын созатын Гүлшат та монша салуға білегін сыбана кірісті. Балалары да ата-аналарына қолғабыс көрсетті. Не бары үш айдың ішінде монша шатыры көтеріліп, едені салынды, іші кафельмен қапталды.

Ермұрат салған монша ел игілігіне айналды. Ауылдың тұрғындары жуынуға келген сайын үй егесіне алғыстарын жаудырады. Монша бағасы да қымбат емес, үлкенге 150, балаларға 100 теңге. Әрі моншаға қалаған уақытыңда түсе аласың. Тұрғындардың қамын ойлап, қажетті нысан салған Ермұрат інімізге кәсібіңнен береке тап демекпіз!

Айладыр,

Жарқамыс ауылы.

Байғанин ауданы.

  • Жаңғырық

Мөңке биде мазар жоқ!

Жақында «Бұқара» бетінде жарияланған (№134-135) «Мөңке бидің мазары ма?» атты мақалаға орай өз ойымды білдірсем деп едім. Айтарым, мыңжылдығын болжаған Мөңке бабамызда мазар болған емес! Ал Қожасай ауылындағы қорым Мөңке аттас тұлғанікі болуы ықтимал!

Түрлі отырыстарда, садақа-жиындарда «Жаңажол ауылында Мөңке бидің бейіті бар екен» деген әңгімені жиі естимін. Ел арасында көп айтылып жүрген мұндай пікірлерге аса көп мән бермеймін. Себебі мен би есімін иеленген, ұрпақтары мекен ететін ауылда өмірімнің саналы отыз жылын өткіздім. Би ұрпақтарының пікірі Мөңке бабамыздың мазары жоқ деген түйінге саяды.

Ауылда ақсақалдардың көзін көріп, әңгімелерін жиі тыңдадым. Қарттардың айтуынша, Мөңке би ауырып қайтыс боларының алдында балаларын, туыстарын шақырып алып, ырзаласыпты. «Мен көз жұмғанда қабір қазып әуре болмаңдар. Сүйегіме жеті адам кірсін. Ақ жуып, арулап үйдің алдына қырық қадам шығарыңдар, Жақайым Сартай молда ақ түйемен келіп, сүйегімді алып кетеді. Ешқайсың еруші болмаңдар», — деп тапсырады ұрпақтарына Мөңке ата. Негізі тегін адам емес қой. Мөңкені ақ жуып, арулап үй алдына қойған сәтте ақ түйемен Жақайым Сартай молда жетіп, жаназасын шығарып, сүйегін жазылы түйеге салып, құбылаға қарай алып кетеді. Бабамыздың сүйегі Түркістан шаһарында ма, Мекке-Мәдинеде ме, әлде Хорезм, Қоңырат жағына жеткізілді ме, ол жағы бір Аллаға аян.

Тілеу-Қабақ ол кезде Арал маңы Қарақұмды қыстап, жазында Ырғыз бойын жайлаған. ХVІІІ ғасыр аяғында ғана Ұлықұмға — Шалқар өңіріне келген. Оған дәлел, Тілеудің үшінші ұлы Әлдебердінің үлкені Жалтума Ырғыз бойындағы қазіргі Жаныс тамына ең бірінші жерленген. Ал Жалтумамен бірге туған Құлтуманың бір баласының ұрпақтары әлі күнге Ырғыз бойында өмір сүріп келеді. Жалтуманың немересі Достан би Тәңірбергенұлы Аралдың батысында Ақбастыда жерленген. Мөңке ағайынының атақонысы —  Ұлықұмның шығыс беті Бозкөл, Жүндіқұдық және Қабырғаның шығыс жағы.

Сөз соңында айтарым, Мөңке бабамыздың денесі қай жерде жерленгені жұмбақ. Сондықтан қойдың ізін қоянның шарына шатыстырмай, жастарды жаңылыстырмағанымыз абзал!

Кенжебай СҮЙЕУМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қандыағаш қаласының тұрғыны.

  • Тағзым

Бабаға құрмет

Қазан айының бас жағында Шалқар қаласының бір көшесіне Қазақай ахун есімі беріліп, арнайы ескерткіш орнатылды. Бабаға ас беру рәсіміне Шалқар, Ақтөбе қалаларынан, Жаңақоныс, Бозой, Айшуақ, Байқадам ауылдарынан ұрпақтары жиналды.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде қала әкімі Ербол Данағұлов құттықтау сөз сөйледі. Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Сәрсенғали Көпенов және еңбек ардагері Шеріп Сейтжанов баба ескерткішін ашты. Жиналғандарға ауданның белсенді азаматтары, еңбек ардагерлері Дәулетжан Елеусізов, Қалқаман Төлеуов,  Кеңесбай Бекмұратов, Қуанышбай Мұздақов, Сәндібай Әбдіғалиев, Құрманғали Басмағанбетов, Болат Халиков, Талас Мамбетов, журналист Мұхамбетәли Есмағанбетов және басқалары баба туралы шежірелерден сыр шертті. Содан соң қаладағы «Әсем» мейрамханасында баба рухына ас беріліп, құран бағышталды. Қонақтарға арнайы сый-сияпат үлестеріліп, баба туралы деректер жазылған кітапшалар таратылды. Сонымен қатар «Қазақстан-Ақтөбе» телерадиокомпаниясының қызметкері, журналист Жанғабыл Қабақбаевтың және басқа зиялы қауымның жедел хаттары оқылды.

Тарихқа көз салсақ, Қазақай ахун 1711-1796 жылдары өмір сүрген. Ол өз тұсында шәкірт жинап, әр үйге тас салығын салып, мешіт ашқан жан. Сонымен қатар елде тарихи мәні бар ағартушылық жұмыстар жүргізіп, халықты адалдыққа, дінді құрметтеуге жол сілтеген алғашқы тұлғалардың бірі. Ол кісінің шәкірттері арасынан белгілі билер, батырлар, ғұламалар шыққан. Ас беру кезінде де бабамыздың ұрпақтары осындай деректерді тілге тиек етті.  Сонымен қатар баба ұрпақтары жаңадан салынатын мешіттерге, медреселерге Қазақай ахун есімін беру керектігін айтты.

Қазақай ахунның есімін дәріптеу, ұрпаққа жеткізу жөніндегі жұмыстар облыс өңірінде, Қобда ауданында да қолға алынып жатыр. Бабамыз туралы архивтік деректер, энциклопедиялық басылымдар, баспасөз беттеріне шыққан мақалалар хатталып тиісті орындарға тапсырылды. Осы орайда Қазақай бабаны ұлықтауға тілектес зиялы қауымның атынан бабамыздың атына көше берілуін сұраймыз. Қазақай баба бір ғана өңірдің тұлғасы емес, ол облыс мақтан ететін тарихи тұлға.

Бибіталы САҒИТАЛИН,

ебек ардагері.

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

  • Қоғам

Анаң қымбат па, арақ қымбат па?

Жақында мынадай бір келеңсіз оқиғаның куәгері болдым. Көзге жас алғызып, көңілге қаяу түсірген осы оқиға бүгінгі жастарға сабақ болса екен деймін.

Кешкілік Шалқар теміржол вокзалында бір қарт ананың кемсеңдеп жылап отырғанын көрдім. Алғашында сұрауға батылым бармады. Бәлкім, тосыннан ауыр жағдай болған шығар. Ақ жүзін әжім торлаған кейуананың жылағаны  вокзалға жиналғандарды да бейжай қалдырмады. Бақсақ, әлгі әжеміз жан ауруынан емес, балаларынан көрген зардабына азаланып жылап отыр екен. Араққұмар ұлдары оны ұрып-соғып, «арақ әкелмей, үйге кірме!» деп жіберіпті. Мән-жайды естігенде абдырап қалдым. Кейуанаға басу айтсам да, іштей ызаландым. Өз балалары туған анасын арақ үшін  түн ішінде, күздің салқынына қарамастан үйінен қуып шыққанын мейірімсіздік демей не дейсің?! Мұндай имансыздыққа қазақтың тепсе темір үзетін жігіттерінің барғанына қарның ашады. Жолаушылар әжейге басу айтып, қолына тиын-тебен ұстатты. Біз «Шалқар-Ақтөбе» пойызына мінуге бет алғанда, кейуана вокзалда жалғыз қалды.

Осы оқиға менің ойымнан әлі күнге кетпейді. Әлгі кейуана қайда жүр екен деп уайымдаймын. Япырау, ақ жаулықты анасын арақ үшін таяққа жығып бұл қазақтың балаларына не болған?! Шөлмектегі суға телмірген бауырларымыз ана сүтін аяққа таптағаны несі?! Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың тәрбиесі күн санап бұзылып бара жатыр.

Қазақ әйел-ананы, қызды жылатпай, қамқорлық көрсететін. Ал қазір кей азаматтарымыз қызға қол көтеруге, лас сөз айтуға, анасын ренжітуге дағдыланып бара жатыр. Намыссыз жігіттерді көргенде, сазайын бергім келіп-ақ тұрады!

Зульфия МҰҚАШЕВА,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты

филология факультетінің 4-курс студенті.

  • Мәселе

«Бас екеу болмай…»

Соңғы кезде жастарымыз тым кеш үйленуді әдетке айналдырған. Тіпті, араларында жалғызбасты тірлікке бой үйретіп, отау құруды қаламайтындары да бар. Он үште отау иесі болған қазақ баласының енді отызында орда бұзуға асықпауына не себеп…

Қазір қай мекемеге бас сұқсаңыз да, алдыңыздан басы бос қыз, бойдақ жігіт шығады. Жұмыстарын тиянақты орындайтын жас мамандардың ісіне риза боласың. Бірақ сол жұмысбастылық жастардың отау құруына кері әсер етеді. Күн-түні қағазға үңіліп, қызметіне адал болуды көздейтін жастардың жан серік іздеуге уақыт тапшы. Оның үстіне көпшілігі оқуды бітірген соң ата-анасына қамқор, бауырларына тірек болуды ойлайды. Бұл дұрыс қой, бірақ уақыт өте келе адам өз теңін таба алмай қалады. Біздің кезімізде жасы жиырмаға келген қыздарды кәрі қыз деп санап, жеңгетайлар теңін табуға  көмектесетін. Ал қазір отызында отау құруға асықпайтын қыз-жігіттеріміз көп. Отбасын құрып, оны асырағанша жеке жүргенім жақсы деген «принципке» иек артатын жастар жұмыс пен жеке өмірдің орнын алмастырып алған.  Олар бүгінгі заман талабына сай үй алып, көлік мініп, өмірдің қызығына бөленгісі келеді. Содан соң желдей ескен уақыттың ағынына ілесе алмайды. Меніңше, уақытты үнемдейтін жастарға жеңгетайлардың көмегі қажет-ақ.

Отыздан асып шаңырақ көтергендер ақыл тоқтатты дегенімізбен, тым кінәмшіл келеді. Жалғыз өмір сүріп үйреніп қалғандықтан, барлық шаруа өзінің ойлағанындай болуы керек деп түсінеді. Мұнан соң екі жас арасында дау туады. Сақа жігіттер жасы кіші қыздарға үйленеді де әрқилы кемшіліктерін байқап, жоқтан өзгеге сылтау іздеп, кінә тағуға дайын тұрады. Жас отаудың шырқы бұзылады. Ал қыздардың дені үйлі-күйлі, тұрмысы жақсы, жалғызбасты, ата-анасынан бөлек тұратын «ханзаданы» күтеді. Осылай өмір өтеді.

Рас, қазір адамды тұрмыс билейтін заман. Кеңес заманында жас отбасыларға көп көмек, жеңілдіктер жасалынатын еді. Қазір жас отау иелеріне мұндай мүмкіндік жоқ. Біріне тартсаң, біріне жетпейтін бүгінгі заман жас отбасылардың тез ажырасып кетуіне себепші. Қиындық көрген отбасыларға қараған бойдақтар шаңырақ көтергісі келмейді.

Менің айтайын дегенім, қыздарымыз теңін тауып, ұлдарымыз дер кезінде отау тіксе, қатарымыз көбейер еді. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» бүгінгі жастар қаперден шығармаса игі!..

А.БАЛҒАЗИЕВА,

Шалқар ауданы.

  • Ілтипат

Германиядан жеткен сәлем

Ұлы Отан соғысы жылдарында Сталиннің бұйрығымен көптеген неміс ұлты өкілдері Қазақстанға жер аударылған еді. Арал ауданының Қаратерең ауылына жер аударылып келген Алексей атай мен Мария апай да осы ауылда тұрақтап балалы-шағалы болды. Елдің салт-дәстүрін, тілін үйреніп,  қазақтың бір баласындай болып кетті.

Алексейді 1976 жылдары көрдім. Ол кезде мен 5-6 жастағы баламын, бейнесін еміс-еміс есіме түсіріп отырамын. Оның көзін көрген ағаларымыз: «Алексей өте шебер ұста, ауылдың көркеюіне көп үлесін қосқан адам. Мына салған үйлер де, есік, терезелер де Алексейдің қолынан шыққан» деп есімін сөз арасында айтып қалып жатады. Ал зайыбы Мария дүниеге келген сәбилердің кіндігін кесіп, көп балаға кіндік шеше атаныпты. Менің де кіндігімді осы Мария апай кескен екен. Кейін бұл отбасы балаларымды оқытамын деп аудан орталығына, одан соң Ресейге көшіп, кейін өз отаны Германияға қоныс аударыпты. Міне, оған да 35 жылдай уақыт өтіпті. Осыншама жылдар өтсе де Алексей мен Марияның есімін ауыл ұмыта қойған жоқ. Оның үстіне былтыр Алексей атаның ұл-қыздары ауылға келіп, ел-жұртпен қауышты. Олар биыл да туған жерге табан тіреді. Алексей атаның балалары бірге ойнаған достарын көргенде қазақша сөйлесіп, амандық  сұрасты.

Алексей ата биыл 87 жасқа шығыпты. Ауылға келген ұл-қыздарынан елге дұғай  сәлем жолдапты. «Менің жүріп-тұруым қиындады. Кезінде маған пана болған еліме, жеріме сәлем айтыңдар. Бірге жүрген достарымды бейнетаспаға түсіріп, бақилық болғандарының бейітіне барыңдар. Біз тұрған үйдің қасынан бір уыс топырақ алып келуді ұмытпаңдар. Мен ауылды, тұрғындарды қатты сағындым», — депті. Алексей атаның елге деген сағынышын естігенімде еңкілдеп жылай беріппін. Әттеген-ай, осындай ауылдан қаншама қыздар мен жігіттер шықты десеңші, бірақ солардың көбісінің елге деген махаббатын, сағыныш сезімін байқамаймын. Араларында ауыл жайлы әңгіме бастасаң, «сол ауылды қойшы!» деп қалатындары да бар. Менің елге деген сағынышымды еселей түскен Алексей атаға рақмет!

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

Ақтөбе қаласы.

  • Алғыс

Пойыздағы кіндікшеше

Ақ халатты абзал жандардың еңбегіне риясыз ақ көңілмен алғыс жолдауыма үшінші нәрестем Нұршат Зинештің жол үстінде дүниеге келуі себепші болды.

Қыркүйектің 17-сі күні  денсаулық жағдайыма байланысты Шалқар ауданындағы дәрігерім мені облыс орталығына жіберген болатын. Сол күні «Алматы-Мәскеу» бағытындағы жүрдек пойыздың 3-вагонына отырдым. №7 жүрдек  пойызы тек ірі стансаларға ғана аялдайды. Осылайша, Шалқар қаласынан шығып, Бершүгір стансасынан өте бере аяқ асты толғақ қысты. Ембі стансасына әлі 30-40 минуттай уақыт бар болғандықтан, пойыз бастығы, вагон жолсерігі мен алаңсыз отырған ондаған жолаушы әбігерге түсті де қалды. Осындай сын сағатта сыр бермеген Ақтөбе қаласының Некрасов көшесіндегі  кеңес беру диагностика  орталығының акушері  Гүлзипа Жакупова ғана. Қысылтаяң кезде кәсібіне адалдық танытқан осы бір ақ халатты абзал жан өмірге айы, күні жетпей келген қызымның кіндігін кесті. Жүйткіп келе  жатқан жүрдек пойызда  ешқандай жағдайдың жоқтығына қарамастан міндетін мінсіз атқарды. Шарананың айы-күні жетпегендігіне, менің қиналып жатқаныма қарамастан, өз басын күйттеп, үндемей қалған жоқ. Білек сыбана әрекет етті.

Жол үстінде 1 кило 900 грамм болып өмірге келген Нұршат жақында қырқынан шықты. Кәсіби білікті маман кіндігін кескен сәби шала туылғандығына қарамастан, күнбе-күн салмақ қосып, ата-анасы мен бауырларын қуантуда. Алла ғұмыр берсе, келешекте мен Нұршаттың да дәрігер болғанын қалар едім. Жай ғана дәрігер емес, Гүлзипа Сапарқызындай  антына адал, адамдарға шарапаты тиетін маман болса деп тілеймін.

Менің мамандығым — мұғалім. Ел қатарлы қоңырқай тірлігіміз  бар. Гүлзипа Сапарқызының өлшеусіз еңбегін қалай қайтарамын деп көп ойлана келе, редакцияға хат жолдағанды жөн көрдім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демеуші ме еді халқымыз. Меніңше, Гүлзипа Жакупова — кейінгі  ізбасарларына өнеге болатындай адам. Және медицина қызметкерлеріне көрсетілетін  қандай да болмасын мақтау, марапатқа шын мәнінде лайық деп санаймын.

Рауан  НИЯЗМАҒАНБЕТОВА,

Шалқар қаласы.

  • Кино

Режиссерлерге ізденіс қажет!

Кино — халықтың байырғы заман көрінісін, өмірін сомдайды. Сонымен қоса салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, наным-сенімді насихаттайды. Ал бүгінгі заманғы жаңа үлгідегі кинолар бұл талаптарға сай ма?

Бүгінгі қазақ шетелдік атыс-шабысқа, жан түршігерлік шытырман оқиғаларға толы  киноларға, бас ауыртар мәселелері шаш-етектен асатын түріктің сериалдарына құштар. Мұндай сериалдардың желісін қарияларымыздан бастап кішкентай бөбектерімізге дейін жатқа біледі. Әрбір ойын баласынан түрік, корей сериалы туралы сұрай қалсаңыз,  басты кейіпкерінен бастап болған оқиғасын толықтай айтып беруге асығады. Ал қазақтың фильмдеріне келгенде тіліміз күрмеліп, аузымызға сөз оралмайды. Себебі бүгінгі кинолар кезіндегі «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» киноларына тіпті де ілесе алмайды.

Бүгінгі «Келін», «Бақсы», «Қайрат чемпион, девственник номер один», «Жаралы сезім» және басқа фильмдерге неге көңіліміз толмайды? Себебі бұл кинолар дәстүрдің озығын емес, тозығын көрсетеді. Айталық, «Келін» түсірілгенде қазақтың ибалы, биязы келінінің бейнесін әлемге көрсетіп, марқайып қалатын болдық деп қуанып едік. Бірақ «Келін» сюжеті, оқиға желісі біз ойлағандай болмады. Ал «Қайрат чемпион, девственник номер один» киносында үлкен жігітті ұсқынсыз көріністер арқылы бейнелеуі — қазақтың намысын аяққа таптағанмен пара-пар. «Бақсы» киносы да осы тектес. Кино түсірмес бұрын әрбір режиссер халқымыздың салт-дәстүрін біліп, құрметтеуі тиіс! Киносын көріп елін танитын заманға жетсек, көш соңында қалатынымыз анық. Егер мәдениетіміз арқылы ұрпақты тәрбиелер болсақ, киномызды жақсы қырынан дәріптегеніміз абзал! Ол үшін режиссерлерге ізденіс қажет. Ізденіс нәтижесінде ой шеберлігімен туған дүние жерде қалмайды.

Сөз соңында айтарым, елімізде С.Қожықов, А.Қарсақбаев, М.Бегалин секілді  режиссерлер қатары көбейсе, ел аузында айтыла жүретін әдемі киноның жарыққа келері анық. Бүгінгі кинолардың орнын «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» тәрізді фильмдер басса көрермендерге ерекше әсер етер еді. Ендеше, еліміздің мақтанышы болатын фильмдердің түсірілуін тілейік!..

Гүлназ САЛБІЛЕКОВА,

Қазақ ұлттық өнер университетінің І курс студенті.

Астана қаласы.

Оқырман хаттарын топтастырған: Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@maiI.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button